Саны: Ұя басатын жұп саны 1 мыңнан аз деп болжанады. Қазақстан арқылы миграция жасайтын популяциясы 20 мың дарақ төңірегінде, азаю үдерісі бар. Жазғы маусымда Қорғалжын мен Науырзым көлдерінде 2 мыңға жуық құс жиналады. Қыстайтындарының саны 100-200 дарақ шамасында. Әлемдік популяциясы 180000-нан асады.
Мәртебесі. II санат. Саны азайып жатқан түр
Таралуы. Қазақстанда барлық географиялық аумақта ірі тұщы немесе ащылау суқоймаларын мекендейді. Ұя басатын жерлерінде сирек кездеседі. Елімізде Каспийдің шығыс жағалауында, Ақтау қаласы маңындағы Қаракөл көлінде, Алматы маңындағы Сорбұлақ сарқынды көлінде және Оңтүстік Қазақстандағы Шардара су қоймасында тұрақты түрде қыстайды.